18 Қазан 2019
51

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ САРАПТАМАЛЫҚ ТОП МҮШЕЛЕРІ АУДАНДА БОЛДЫ

 

Бүгін ауданымызға Қазақстан Республикасының Президенті әкімшілігі жанынан құрылған сараптамалық топ мүшелері – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жастар және отбасы ісі бойынша комитетінің басқарма басшысы Азамат Белқайыров, ҚР Әділет министрлігінің эксперті Диас Қожаев, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық қоғамдық денсаулық орталығының маманы Шыңғыс Байкөбенов, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Бекжан Есенбаев арнайы жұмыс сапарымен келді.

Жұмыс сапарының негізгі мақсаты - балалардың құқығы мен заңды мүддесін жан-жақты қорғау, олардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету болып табылады.
Осы орайда, аталған жұмысшы топ мүшелері аудандағы бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандар мен білім ордаларын болды.

Ең алдымен аудан орталығындағы №2 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына бас сұққан топ мүшелері Арал қаласындағы №262 мектеп-гимназиясы, Арал индустриалды-техикалық колледжі мен «Сартай» бөбекжайында болып, білім беру ұйымдарында мүмкіндігі шектеулі балаларға білім берудің ұйымдастырылуы, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жағдайы, суицид, зорлық-зомбылық, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Зерделеу барысында, аталған санаттағы балалармен сұхбат жүргізіп, нәтижелі жұмыстарға ризашылықтарын білдірді.
Одан әрі жұмысшы топ аудандық орталық ауруханасына ат басын бұрып, аудандағы денсаулық сақтау саласының стандартқа сәйкестігіне баса назар аударды.

Сондай-ақ, комиссия мүшелері Арал қаласы, Лепесов көшесі №17 үйдің тұрғыны, атаулы әлеуметтік көмек алатын Гүлсім Мырзамбетова мен №11 үй тұрғыны Айнұр Мукаримованың отбасында болып, көпбалалы отбасылардың жағдайымен танысты.